Құқық қорғау ұйымы президенттен бюджет туралы ақпаратты жасырмауды талап етіп отыр

Хат авторлары пандемия үшін бөлінген 2 миллиард теңгенің жұмсалуы сылтаумен жария болмады деп есептейді


24/09/2020
16:50 47619 0

Фото: digital.report

«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қоры Қазақстан президенті мен парламентіне ашық хат жазып, азаматтардан оған қол қоюды өтінді. Қор мемлекеттік органдардан бюджет қаражаты туралы ақпаратты «қызметке пайдалануға арналған» деген шектеумен жасырмауды талап етіп отыр.

Құқық қорғаушылар көп ақпаратқа мемлекет құпиясымен тең дәрежеде шектеу қойылып, жария етілмейтініне күмән келтіреді.  

— Карантин енгізілген сәттен бері азаматтық қоғам мемлекеттік органдардың ақпаратты «қызметке пайдалануға арналған» деген санатқа себепсіз жатқызатынына жиі куә болып келеді. Тәжірибе шенеуніктердің әрекетіне көнбеу мүмкін емес екенін көрсетіп отыр, себебі тиісті бұйрықтарда да сондай тыйым салатын таңба тұрады. Пандемиямен күреске бөлінген 2 миллиард теңгенің жұмсалуы, мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржы алып отырған БАҚ және Мәжіліс депутаттарының жалақысы туралы ақпарат та дәл солай жария етілмеді, — делінген ашық хатта.

Қол жинаушы ұйымның мәліметінше, Қазақстан заңдарында «қызметке пайдалануға арналғаны» себепті берілмейтін ақпаратқа қатысты тәртіп реттелмеген. Үкіметтің өкілетімен ғана солай шешілген.

Сол себепті «Құқықтық медиа-орталық» мынадай ұсыныс айтып отыр:

1) Келер жылы күшіне енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстен бюджет қаражатын жұмсау туралы ақпаратты жасыруға мүмкіндік беретін норманы алып тастау;

2) «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңында шектеу қойылатын ақпаратқа қатысты реттеу енгізу;

3) Шектеу қойылатын ақпаратқа қатысты тәртіпті реттеуде мүдде таласына, жемқорлыққа және қызмет бабын асыра пайдалануға жағдай жасайтын нормаларды алып тастау;

4) Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстен ақпаратты қызметке ғана пайдаланылатыны себепті жария етілмейтін санатқа жатқызу рәсімін алып тастау, осы тәртіпті заңнама деңгейінде бекіту.

Ашық хатқа мына жерден қол қоюға болады.

Шенеуніктер кей ақпаратты «қызметке пайдалануға ғана арналған» деген шектеумен бермей қоятынын бұған дейін жазғанбыз. Азаматтар сауалына жауап бермеу үшін бұл жақсы сылтау болып тұр. 

Мемлекеттік органдарға сауалды қалай және не үшін жолдау керек?

Поделиться

Нет комментариев.

24/09/2020 16:50
47619 0

Уведомление